Қазақстанда 1000-нан астам қару-жарақ тәркіленді: оның бір бөлігі қаңтар оқиғасында ұрланған (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Таразда 2 шолақ мылтық және қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған жауынгерлік арбалет табылды

Фото: Видеодан скриншот

Биыл жыл басынан бастап жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде 20 атыс және травматикалық қару тәркіленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ІІМ мәліметінше, тәркіленген қарулар ішінде 4-еуі қаңтар оқиғасы кезінде жоғалған, сондай-ақ 6 граната және 150-ден астам әртүрлі калибрлі оқ-дәрі тәркіленді.

Полиция дерегіне сүйенсек, Алматы қаласының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы тергеу изоляторының қызметкерлерімен бірлесіп, Түрксіб ауданында қару жасырылған жерді анықтады. Нәтижесінде, 3 шолақ мылтық, 3 тапанша, 4 граната, шамамен 50 патрон, сонымен қатар қаңтар оқиғасы кезінде қару-жарақ дүкенінен ұрланған карабин тәркіленді.

Таразда 2 шолақ мылтық және қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған жауынгерлік арбалет табылды.

Ақтөбеде 56 патроны бар ТОЗ винтовкасы мен Ф-1 гранатасы тәркіленді.

Алматы облысында 2 қару, РГД-5 гранатасы және Калашников автоматының 20 патроны, сондай-ақ қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 2 Макаров тапаншасы табылды.

Талдықорған қаласында жергілікті тұрғынның автокөлігінен 5 травматикалық тапанша тәркіленді.

«Екі жыл ішінде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөліністері заңсыз айналымнан 1000-нан астам қару-жарақ тәркіледі, оның ішінде қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 130 қару бар. Бұл бағыттағы жұмыс Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында», - дейді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.