Бұл кинотеатр 1960 жылы ашылған
Қарағандыда орналасқан В.И. Ленин атындағы кинотеатр мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокуратура мәліметінше, 1960 жылы ашылған кинотеатр Қарағандыдағы алғашқы екі залды кең экранды кинотеатр болған. Бұл ғимарат қаланың мәдени өмірінің орталығына айналып, жоғары деңгейдегі премьераларды, фестивальдар мен кинофорумдарды көрсетті. Алайда 1998 жылы нысан тарихи-мәдени ескерткіштер тізімінен заңсыз шығарылып, кейіннен жекешелендірілген.
«Қазыбек би ауданының прокуратурасы жекешелендірудің заңсыздығын сотта дәлелдеу үшін ұзақ және күрделі жұмыс жүргізді. Сот бірнеше айға созылды. Бұзушылықтар туралы ұсынылған дәлелдердің арқасында сот кинотеатрды мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім қабылдады.
Бұл шара облыстың мәдени мұрасын сақтаудағы маңызды қадам болып саналады. В.И. Ленин атындағы кинотеатр қайтадан Қарағандының мәдени өмірінің орталығына және жаңа естеліктер туындайтын орынға айналады», - делінген хабарламада.