Үкім заңды күшіне енді
Оралда кәмелетке жасқа толмаған балаға қол көтерген әйел адамға 369 мың теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Орал қалалық сотының мәліметінше, 2024 жылдың 2 қарашасында сотталушы Ю. бутикте өз жұмыс орнында болған уақытта, А, бутиктің шыны витринасына сүйеніп тұрған.
«Кәмелетке толмаған А., Ю-нің «шыны витринаға сүйенуге болмайды» деген ескертулеріне назар аудармай, оған қоса балағат сөздер айтқан. Нәтижесінде сотталушы мен жәбірленушінің арасында жанжал туындап, Ю., А-ның оң жақ бетінен және қолынан соққы жасаған, осылайша физикалық ауырсыну мен моральдық азап келтірген.
Нәтижесінде сотталушы Ю. өз кінәсін мойындады, ал жәбірленуші А.-ның заңды өкілі Ж. оған қатаң жаза беруін сұрады. Сот Ю. кінәлі деп танып, оған 100 айлық есептік көрсеткіш, яғни 369 200 теңге мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындады», - делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енді.
ҚК-нің 109-1 бабы 2-бөлігі 8-тармағы жазаның баламалы түрлерін қарастырады: жүзден екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не бір жүзден екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не отыздан елу тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу.