$ 527.58  546.15  5.29
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Қазақстанда жасалған»: отандық тауар өндірушілердің бірыңғай реестрі не үшін қажет

Реестр қолданыстағы ақылы сертификаттарды алмастырады

«Қазақстанда жасалған»: отандық тауар өндірушілердің бірыңғай реестрі не үшін қажет
Фото: Parlam.kz

Осы аптаның сәрсенбісінде Парламент Мәжілісі «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарайды. Құжат ішкі нарықты қорғауға, импортқа тәуелділікті төмендетіп, отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған. Заң жобасындағы басты жаңашылдық та – Қазақстанда шығарылған тауарлардың бірыңғай реестрін құру.

Қазіргі СТ-KZ сертификаты мен Индустриялдық сертификаттың орнына келетін жаңа реестрдің артықшылығы туралы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Мұқаш Ескендіров Azattyq Rýhy тілшісіне тарқатып айтып берді.

Кәсіпкерлер артық шығыннан құтылады

2009 жылдан бері қолданыста жүрген СТ-KZ – тауардың Қазақстан Республикасында шығарылғанын куәландыратын сертификат. Ал Индустриялдық сертификат – кәсіпорынның отандық тауар, жұмыс және қызметтер реестріне енгенін және оның отандық өндіруші мәртебесі бар екенін растайтын құжат. Бұл елімізде 2019 жылы енгізілген.

Қазір отандық тауар өндірушілерге осы екі сертификатты да «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы береді.

Депутат Мұқаш Ескендіровтің айтуынша, сертификаттарды алу үшін отандық тауар өндірушілер қалтасынан қосымша ақша шығаруға мәжбүр. Себебі тауардың шығу тегі мен өндірістің жай-күйіне талдау жасайтын сарапшылардың сараптамасы тегін тұрмайды.

«Осы күнге дейін елімізде 50 мыңнан астам CT-KZ сертификаты мен 1 мыңнан артық Индустриялдық сертификат берілген екен. Барлығы да ақылы түрде. Сертификатқа өтініш бергеннен кейін тауар өндірушілер өндіріс орнына сарапшыларды шақырады, оларға еңбегі үшін ақы төлейді. Қазақстанда қазір аккредиттелген 178 сарапшы бар.

Мысалы CT-KZ құжатын алу үшін 16 мыңнан 500 мың теңгеге дейін, ал Индустриялдық сертификатқа 350 мың теңгеге дейін төлеу керек. Бұған сарапшылардың іс-сапар шығындары қосылады. Бұл енді ресми төленетін ақшасы. Егер сарапшы өндіріс орнында он күн жүрсе, кәсіпкер оның күн сайынғы шығынын төлейді. Яғни қазір CT-KZ пен Индустриялдық сертификаттың пайдасынан гөрі зиянын көріп жатқандар көбірек болып отыр. Осыған байланысты қолданыстағы сертификаттарды алмастыратын отандық тауар өндірушілердің бірыңғай реестрі қажет деп шештік. Заң қабылданып, реестр іске қосылса, қазақстандық кәсіпкерлер «Атамекеннің» артынан жүгірмейді», - дейді мәжілісмен.

Отандық тауар өндіруші бірыңғай реестрге кіру үшін ақпараттық жүйедегі жеке кабинеті арқылы онлайн өтінім береді. Кәсіпорынның құжаттарын қарауға, мәліметтерді өңдеуге және өндіріс орнын бейнекамералар арқылы көрсетуге келісім береді. Осыдан кейін уәкілетті орган құжаттардың түпнұсқалығын тексереді.

«Әлгі ақпараттық жүйеде кәсіпорын қанша электр энергиясын тұтынады, неше адам жұмыс істейді, бюджетке салық төлей ме, сосын бейнекамералар арқылы өндіріс жұмыс істеп тұр ма, жоқ па, солар көрінуі керек. Егер бәрі кәсіпкердің айтқанындай болса, бес жұмыс күні ішінде оны тізімге қосады», - дейді Мұқаш Ескендіров.

Отандық тауар өндірушілер үшін бірыңғай реестрге кіру – тегін.

Реестрдің артықшылығы қандай?

Мәжіліс депутатының айтуынша, бірыңғай реестрдің артықшылығы – тізімге кірген компаниялар мемлекеттік сатып алуға қатыса алады.

«Биыл қаңтардан бастап жаңа мемлекеттік сатып алулар туралы заң күшіне енді ғой. Енді оған отандық тауар өндірушілердің тізіміне кірген компаниялар қатыса алады. Ал біз сол тізімді, яғни реестрді қалай жасау керек екенін осы заң жобасымен айқындап жатырмыз. Сосын бірыңғай реестрге енген отандық кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі. Мәселен, банк несиесінің пайызын субсидиялау, салаға берілетін пайызы төмен кредиттер, экспорт шығындарының субсидиясы, көлік шығындарының бір бөлігін алу, көрмелерге қатысу және тағысын тағы», - деп атап өтті депутат.

Десе де, Ескендіровтің сөзінше, заң жобасы аясында қаралып жатқан бірыңғай реестрге қосылу-қосылмау ерікті түрде жүреді. Яғни отандық тауар шығаратын кәсіпорындарды бұл реестрге кіруге ешкім міндеттемейді.

«Егер сіз мемлекеттік сатып алуға қатысамын, ірі квазимемлекеттік кәсіпорындармен, кен өндірушілермен жұмыс істеймін десеңіз, онда бұл тізімге кіру керек. Ал егер кәсібіңіз жап-жақсы жүріп жатса, мемлекеттік қолдау шараларына мұқтаж болмасаңыз, реестрге кірмей-ақ жұмыс істей беруіңізге болады. Мемлекеттік сатып алуға қатыспаймын десеңіз, оған кіру міндетті емес», - деп түсіндірді Мұқаш Ескендіров.

Тоқсан сайын мониторинг жасалады

Қазақстандық тауар өндірушілердің реестріне енген кәсіпорындарға үш ай сайын мониторинг жасалады.

«Өкілетті органның қызметкерлері бейнекамералардың көмегімен өндіріс жүріп жатыр ма, жоқ па тексеріп отырады. Ал егер үш айдан кейін кіріп қарағанда, өндіріс тоқтап, жұмыс жүрмей тұрса, оның себебін анықтайды, қажет болса өндіріс орнына өкілдерін жібереді. Егер жұмысы жанданбаса, әрине, тізімнен шығарылады, мемлекеттік қолдаудан айырылады», - дейді Ескендіров.

Депутаттың айтуынша, жаңа реестр елдегі «жалған» кәсіпорындарды да анықтауға көмектеседі.

«Қазір «жалған» кәсіпорындар дейді ғой, соларға шағым көп. Мысалы, медицина саласында КТ, МРТ дегеннің барлығы қазақстандық тауар болып кетті. Қай жерде шығарып жатсың десе, Алматыда бір жертөленің мекенжайын көрсетіп қояды да, мемлекеттік сатып алуға кірісіп, сөйтіп тендер ұтады. Енді бұған жол берілмейді. Бірақ бұл жерде импорттық тауарлар, импорттық жабдықтар мүлде қолданылмайды деген сөз емес. Локализация қанша болуы керек, әдістемесі ережелерде бекітіледі», - дейді ол.

Заңнамалық өзгерістер импорт пен бағаға қалай әсер етеді

Мәжілісмен Мұқаш Ескендіров Парламентте қаралып жатқан заң жобасындағы нормалар елге сырттан әкелінетін тауарлардың азаюына оң әсер етеді деп санайды.

«Отандық тауар өндірушілердің тізімін жасап, оларға қолдау көрсеткеннен кейін, әрине, ең бірінші мәселе – импортқа тәуелділікті азайту. Қазақстанда өндірілетін тауарлардың санын қалай көбейтеміз, енді онымен Үкімет айналысуы керек. Үкімет осы реестрге енген отандық кәсіпорындарға қолдау шараларын көбейтуі керек. Бұл бір күндік жұмыс емес. Ал тауар бағасына қатысты айтарым, баға арзандай ма, әлде қымбаттай ма, бұл жалғыз осы заңға байланысты емес. Баға тарифтерге, шикізат бағасына, жұмысшының айлығына, теңгенің бағамына байланысты», - дейді депутат.

Оның айтуынша, Парламент бұл заңды биыл жазға дейін қабылдауды жоспарлап отыр. Осылайша бірыңғай реестр 2025 жылдың аяғына дейін іске қосылуы мүмкін. Ал қолданыстағы CT-KZ пен Индустриялдық сертификат 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін жарамды болады.

Серіктес жаңалықтары