Алматыда құрылыс компаниясы үлескерлерден заңсыз түрде 2,5 млрд теңге жинап алған

Автор: Асыл Арман

Компания 312 адамға шығын келтірді

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Алматыда құрылыс компаниясының басшылығы үлескерлерді алдап кеткені белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Прокуратура мәліметінше, компания басшылығы тұрғын үй кешендерінің құрылысына рұқсат құжаттарынсыз және үлескерлердің қаражатын тарту құқығынсыз 2022-2023 жылдар аралығында үш тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді сату сылтауымен азаматтардың ақшасын алдап алған.

«Аталған іс бойынша 312 адам жәбірленуші деп танылып, жалпы шығын 2,5 млрд теңгеден асқан.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің төрт басшысы ұсталып, қазіргі таңда қамауда отыр.

Тергеп-тексеру аясында жәбірленушілердің құқықтарын қалпына келтіру қамтамасыз етілді, ал қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды», - делінген прокуратура хабарламасында.