СҚО-да курорттық аймақта тұрған ауыл таза суға жарымай отыр
Ұзындығы 21 шақырым су құбырын тартуға 600 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған
Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Айыртау ауылының тұрғындары жаңадан тартылған су құбырының игілігін көре алмай келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Биыл елді мекенге орталықтандырылған желі жеткізілген. Алайда көпшілік тіршілік нәріне жарымай отыр. Қысым өте төмен болғандықтан, крандағы су сыздақтап қана ағады. Ал тұрғындардың кейбірі құбырды үйге кіргізу мақсатында мердігер компания өкіліне ақша жинап беріп, кейін пысықай кәсіпкерді таба алмай қалған.
Алмас Қыдырәлиев үйіне су құбырын тартқызу үшін қыруар ақша төлеген. Кейін несие рәсімдеп, 2 млн теңгеге жуынатын б-лме жасаған. Алайда қызығын көре алмай отырғанына налиды.
«Халықтың жартысы үйлеріне су кіргізбеген әлі. Барлығы құбыр тартқасын қысым тіпті азаяды. Содан қорқып отырмыз, су мүлде болмай қала ма деп. Әкім келіп, бір қараған жоқ. Жағдайы бар кісілер бар, жағдайы жоқтар бар. Бірақ билік өкілдерін ештеңе қызықтырып жатқан жоқ», – дейді ауыл тұрғыны.
Айыртау ауылында 150-ден астам шаңырақ бар. 60 отбасы қосымша ақша төлеп, үйлеріне су құбырын тартқызған. Салдарынан қуаты төмен сорғының күші жетпей жатыр, дейді тұрғындар.
«Су желісін үйге дейін тарту үшін 180 мың теңге төледік. Ақшаны алғаннан кейін кәсіпкерді қайта көрмедік. Құбырды ас үйге дейін тартқан болды. Алайда ол іске қосылмаған болып шықты. Жөндеу үшін тағы шығындану керек», – дейді ауыл тұрғыны Надежда Зарудская.
Надежда Зарудская сынды 10 отбасы сан соғып қалған. Қазір көпшілік суды ескі құдықтан тасып ішіп отыр.
Ұзындығы 21 шақырымнан асатын су құбырын тартуға 600 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған. Ауылдық округ әкімі жаңа нысанды өз қарамағына алатын лицензиясы бар компания табылмай жатқанын айтады.