Аталған жайтқа полиция пікір білдірді
Желіде Көкшетаудағы облыстық балалар аурухананасының қызметкерлеріне ата-аналардың бірі жұдырық ала жүгіргені туралы ақпарат тарады. Аталған жайтқа полиция пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ауруханадағы видео Instagram желісіндегі nayzakokshe паблигінде таралған. Видеода Ақмола облыстық балалар аурухананасының дәрігерлеріне науқас балалардың бірінің ата-анасы шабуыл жасады делінген. Полиция департаменті аталған жайтқа пікір білдірді.
«Материал Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасының Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментіне жолданды. Тексеріс нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Сонымен бірге медициналық қызметкерлер ата-аналар тарапынан заңға қайшы әрекеттерге арыз тіркелген. Оған сәйкес қазіргі таңда тексеріс жүргізіліп жатыр», — делінген хабарламада.
16 қаңтар күні сағат 16:00 шамасында ауруханаға қансыраған үш жасар бала жеткізілді. Ата-анасының айтуынша, бала үстелдің астында қалып, үш саусағы жарақаттанған. Саусақтардың сүйектері майдаланып, теріге ілініп тұрған.
«Ата-анасының айтуынша, бала консольдің астында қалған. Саусақтарда тері жетіспеуі мен ауыр жарақат анықталды. Техникалық тұрғыда жарақаттанған саусақтарды қалпына келтіру мүмкін болмады. Гангренаны болдырмас үшін үш саусақтың ұшын ампутациялау туралы шешім қабылданды», – деді травматолог Мейрам Дүйсекееев.
Ата-аналарға бұл шешім түсіндірілгенімен, олар агрессия танытып, дәрігердің кабинетінде клавиатураны аударып, қағаздарды шашып жіберген.
Операция үшін шақырылған анестезиолог Еламан Тәженовтің айтуынша, оны аурухана дәлізінде әкесі қарсы алып, балағат сөздер айтып, дөрекілік көрсеткен. Дәрігер ер адамның әрекетіне түсіністікпен қарап, жағдайды түсіндіруге тырысқан, алайда ата-ананың агрессиясы тоқтамаған.
Операция сәтті аяқталып, баланың жағдайы тұрақталды. Бірақ операциядан кейін дәрігерлер ата-аналармен сөйлесуге тырысқанда, олар диалогтан бас тартып, агрессиясын жалғастырған.
«Операциядан кейін баланың күтімі туралы түсіндіру үшін ата-аналарын шақырдым. Бірақ олар екі рет реанимацияға кіріп, баланы шошытты. Дәрігерлерге айқайлап, медбикелерге тиісіп, есікті сындырып тастады. Менің денеме қол көтеріп, жұдырық жұмсады. Бұл жағдай учаскелік инспектордың көз алдында болды, бірақ оларды тыныштандыру мүмкін болмады. Ақыр соңында полиция шақыруға тура келді», – деді Еламан Тәженов.