Ресейге жұмыс істеуге барған қазақстандық құлдыққа түсіп қала жаздаған

Автор: Дәулет Ботагөз

Жас жігіт шетелде жоғары жалақы табамын деген үмітпен Ресейге аттанған

Фото: depositphotos.com

Қазақстандық жас жігіттің Ресейге жұмыс істеуге барып, құлдыққа түсіп қала жаздаған оқиғасы ел назарына ілікті. Оқиға Алматы қаласы тұрғынының басынан өткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy info_aktobe парақшасына сілтеме жасап.

«Жас жігіт шетелде жоғары жалақы табамын деген үмітпен Ресейге аттанған. Бастапқыда бәрі жоспар бойынша жүрген: оған жақсы жұмыс пен лайықты еңбекақы уәде етілген. Бірақ көп ұзамай шындық басқаша болып шықты. Жұмыс беруші өз міндеттемелерін орындамай, оны алдап соққан. Жас жігіттің еркіндігі шектеліп, ол қиын жағдайда қалған», — деп жазылған хабарламада.

Жас жігіт Ресейде прокурорға шағымданып, өз құжаттарын қайтарып алғанымен, жалақысын ала алмаған. Осыдан кейін ол қашуға шешім қабылдап, трасса бойымен жаяу жүріп кетеді. Сәті түсіп, оны Ақтөбеге бара жатқан атыраулық жастар кездестіріп, көмек қолын созған.

«Жас жігітті өздерімен бірге Ақтөбеге жеткізген жастар оған көмектесу үшін қаражат жинауды ұйымдастырды. Нәтижесінде, қажетті соманы жинап, оны аман-есен үйіне жіберді», — деп жазылған материалда.