Мемлекеттік қызметші негізгі жұмысынан бөлек әлеуметтік желіде сауда жасауды үйреткен
ҚР қызмет істері жөніндегі агенттіктің Павлодар облысы бойынша департаменті жүргізген 66 тексеріс барысында 1653 заң бұзушылық анықталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 35 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Жазаланғандардың арасында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау комитеті Май аудандық аумақтық инспекциясының бас маманы да бар.
Ол «Мемлекеттік қызмет туралы» заңды бұзған. Заң талабы бойынша, мемлекеттік қызметші негізгі жұмысынан басқа қосымша ақы төлейтін қызметпен айналыса алмайды. Педагогиалық, ғылыми және творчестволық жұмысқа ғана рұқсат.
34 жастағы әйел әлеуметтік желі қолданушыларын интернетте сауда жасауға үйрететіні жөнінде хабарландыру берген.
Алғашында оған тәртіптік жаза қолданылған, жақында оның жағымсыз қылықтары үшін қызметінен кеткені белгілі болды.