Ер адамнан 350-ден астам бір реттік доза табылды
Алматы облысында Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласында полицейлер есірткі заттарын заңсыз сатумен айналысты деп күдіктелген 52 жастағы жергілікті тұрғынды анықтады. Күдікті тұрғылықты мекенжайында ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ПД мәліметінше, тінту барысында күдіктіден «Тропикамид» препараты табылып, үй ауласындағы қора-жайдан ақ түсті ұнтақ зат тәркіленді. Сараптама нәтижесі тәркіленген зат 156 грамм «героин» екенін растады.
Сонымен қатар, медициналық тексеру күдіктінің ұстау кезінде есірткі әсерінде болғанын анықтады.
«Есірткі сатуға арналғаны анықталды, бұл шамамен 350-ден астам бір реттік доза, оның қара нарықтағы құны жеті миллион теңгеден асады.
Қазіргі уақытта есірткі заттарын заңсыз сату фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр», - делінген Алматы облысы ПД хабарламасында.