Алматы тауларында бірнеше күн жоғалып кеткен турист тікұшақпен табылды
Ол 12 қаңтарда көп күндік жорыққа аттанған
Алматы облысының тауларында бірнеше күн бойы жоғалып кеткен турист тікұшақтың көмегімен табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
1982 жылғы азамат 12 қаңтарда көп күндік жорыққа аттанып, 15 қаңтарда байланысқа шықпаған соң, туыстары мазасызданып, құтқарушылардан көмек сұрады.
ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының мамандары дереу іздеуге кірісті. Жұмысқа кинологиялық есептоптар, пилотсыз ұшу аппараттары және жер үсті топтары қатысты. Алғашқы екі күнде 21 орын зерттелді, оның ішінде ең танымал туристік маршруттардағы шыңдар, шатқалдар мен асулар болды.
«Қазавиақұтқару әуе бортын пайдаланып ұшудың арқасында ер адам 2970 метр биіктікте «Сол Талғар» шатқалындағы күркеден табылды. Медициналық көмекке мұқтаж болмаған соң Алматы қаласына жеткізілді», - делінген хабарламада.