Байқаудың үздіктері анықталды
Бүгін Астанада өткен «Халықтың сүйіктісі-2024» ұлттық сыйлығын табыстау салтанаты өтті. Биыл 14-рет ұйымдастырылған ұлттық марапат номинациясының бірі – «Жылдың үздік дәрігері» атағын Медет Маханбет жеңіп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жиыннан кейін ҚР ПІБ МО ауруханасының жоғары санатты оториноларинголог дәрігер Медет Маханбетпен аз-кем сұхбат құрдық.
Ол Қазақстанда алғаш рет ортаңғы құлаққа эндоскопиялық трансканалды операция жасаған.
«Бұл ота дабыл жарғағына механикалық зақым келген науқастарға жасалады. Қазіргі күні 170-ке жуық адамға операция жасадым. Операциядан кейін адамның есту қабілеті өте жақсы көтеріледі. Естімей қалудың екі себебі болады, бірі – дабыл жарғағына, құлақ сүйектеріне келген зақымнан болса, екіншісі – кәріліктен және жүйке жүйесінің бұзылысынан болады. Біздің тәсіл біріншісіне келеді», - деді ол.
Таңқаларлығы Медет Маханбет бұл операция тәсілін өз бетімен үйреніп шыққан.
«Болашақ» халықаралық бағдарламасымен Литва елінде білім алып келген соң, құлақ операциясына бұрынғы әдістерден бөлек, жеңіл әрі тиімді тәсілді енгізу туралы ойландым. Отандық дәрігер-ұстаздарымның қолдауымен, сонымен қатар Литва, Ресей, Америка ғалымдарының кеңесін ала жүріп, онлайн хат-хабар алмасып, ғылыми еңбектер мен кітаптарды оқи жүріп, қолданысқа енгіздім. Бізде 2023 жылдан бастап медицинада қолданылып келеді, көрші Ресейде былтыр ғана тәжірибеге енгізілді. Орта Азия елдерінде, бізден бөлек Өзбекстанда осы ота түрі жасалады», - деді дәрігер.
Айта кетсек, «Халықтың сүйіктісі-2024» ұлттық сыйлығы 10 номинацияны қамтыды. Медет Маханбеттен бөлек, депутат Асхат Аймағамбетов, қоғам қайраткері Майра Әбенова, тележүргізуші Мөлдір Доспаева, ғалым Мақсат Жабағин, спортшы Елдос Сметов, параспортшы Ақмарал Науатбек және басқа да тұлғалар ұлттық сыйлықпен марапатталды.