Көкшетауда вейп сатып, табыс таппақ болған екі студент түрмеге қамалуы мүмкін (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Олардан 1000-ға жуық электронды темекі тәркіленді

Фото: Видеодан скрин

Ақмола облысында полицейлер екі студенттен шамамен 15 миллион теңге тұратын электронды темекі тәркіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полиция қызметкерлері Көкшетау қаласында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында, шегілмейтін темекі өнімдерінің, олар үшін хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың заңсыз айналымы фактісін анықтады.

«Есірткімен күресушілері жергілікті колледждің екі студентін ұстады, олардан 1000-ға жуық электронды темекі тәркіленді. Олардың бірінің үйінен 10 өнім, екіншісінің үйінен 970 дана табылды. Атап айтсақ, соңғысы тыйым салынған өнімдерден құтылуға тырысқан, бірақ оны полиция уақытында ұстады. 20 жастағы фигуранттың айтуынша, тәркіленген электрондық темекіні сатқан жағдайда ол шамамен 15 миллион теңге табыс алады.

Екі факті бойынша ҚР ҚК 301-1-бабы бойынша қылмыстық істер қозғалды (шегілмейтін темекі өнімдерінің, вейптердің, хош иістендіргіштердің және олар үшін сұйықтықтардың айналымы). Полицейлер бұл өнімдерді сату мен тарату 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға не 50 тәулікке дейін қамауға алуға жазаланатынын еске салады», - делінген облыстық ПД хабарламасында.