$ 529.65  544.64  5.16
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

ЧВК құрамына кірген қазақстандық бірнеше жылға сотталып кетті

Ол 2022 жылдың 6 желтоқсанынан 2023 жылдың 6 шілдесіне дейін шетелдік әскери компанияның құрамында болған

ЧВК құрамына кірген қазақстандық бірнеше жылға сотталып кетті
Фото: istockphoto.com

Қазақстан азаматы шетелдік жекеменшік «ЧВК» әскери компаниясының қатарына еніп, заңсыз іске араласқаны үшін елге келген бойда бірден сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сәтбаев қалалық соты «Г»-ға қатысты үкім шығарды.

«2022 жылдың күзі Жезқазған қаласында жүрген сотталушы «Г», Қазақстан Республикасының азаматы бола отырып, бұқаралық ақпарат құралдары мен «Интернет» әлеуметтік желісі арқылы шетелдегі қарулы қақтығыс пен әскери әрекеттер туралы хабардар болып, идеологиялық мақсатты көздеп, ол өзінің қайтыс болған әкесі «Г» (1931 жылы туған) Харков қаласының тумасы болғандықтан және шетел билігі орыс ұлтының құқықтарын шектеп жатыр деп санап, «В» жекеменшік әскери компаниясының (әрі қарай – «ЧВК») құрамында қарулы қақтығысқа қатысу идеясын орындамақ болды», - делінген облыстық сот таратқан хабарламада.

Белгілі болғандай, ол осы мақсатта «Г» шетел мемлекеті аумағындағы қарулы қақтығысқа заңсыз қатысу үшін ЧВК өкілдерімен байланыс орнатуды бастаған.

«2022 жылдың қараша айында қылмыстық ниетін жүзеге асыра отырып, «Г» Жезқазған қаласынан Петропавл қаласына пойызбен барып, сол жерден таксимен Қазақстан Республикасының шекарасын кесіп өтіп, шетелдегі «Курган» өткізу пункті арқылы өтеді.

ЧВК өкілдерімен байланысып, Краснодар өлкесіндегі «Молькино» ауылындағы оқу-жаттығу лагеріне барып, онда аталмыш топтың өкілдерімен келісімшарт жасап, шетелдегі қарсы қарулы қақтығысқа қатысуға ниет білдірген. Келісімшартқа қол қою кезінде «Г» ай сайынғы еңбекақысы 240 000 рубль екенін және қаза тапқан жағдайда досы «С»-ға 5 000 000 рубль көлемінде қаржылай өтемақы төленетініне келіскен.

Сол күні ол ЧВК-ның артиллериялық әскери бөлімінің қару-жарақ қоймасына жауапты болып тағайындалып, 2022 жылдың 6 желтоқсанынан бастап 2023 жылдың 6 шілдесіне дейін ол шетел Қарулы күштеріне қарсы әскери тапсырмаларды орындап, өз қылмыстық әрекеттерін жалғастырған», - деп хабарлады Ұлытау облыстық сот.

Мәліметтерге сүйенсек, 2023 жылдың 28 шілдесінде «Внуково – Астана» әуе рейсімен Қазақстан Республикасына оралған. Осылайша, «Г» Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 172-бабында қарастырылған қылмысты жасап, яғни шетел мемлекеті аумағындағы қарулы қақтығысқа Қазақстан азаматы бола тұра заңсыз қатысқан.

«Сот отырысында сотталушы өз кінәсін толық мойындады, сондай-ақ,  оның кінәсі Ұлытау облысының Сәтбаев қалалық ҰҚК басқармасының жедел қызметкерінің рапорттарымен, жеке тінту хаттамаларымен, тұрғылықты жерін тінту хаттамасымен, ұялы телефонын тексеру хаттамасымен, екінші деңгейлі банктердегі қаржылық транзакциялар туралы деректермен және сотта зерттелген басқа да дәлелдермен дәлелденді.

Сот жаза тағайындау кезінде қылмыстың қоғамдық қауіптілік дәрежесін, ауырлататын және жеңілдететін мән-жайларды ескерді.

Сот үкімімен «Г» Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 172-бабы бойынша кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік мекемесінде 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ», - делінген Ұлытау облыстық соты мәлімдемесінде.

Серіктес жаңалықтары