«Бортсерікті ұрып, бомба бар деп айқайлаған»: елорда әуежайында болған оқиғаның мән-жайы айтылды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Оқиға Астана-Өскемен рейсінде болған

Фото: shutterstock.com

FlyArystan әуе компаниясы Астана-Өскемен рейсінде борт қызметкеріне жасалған шабуылға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Компания мәліметінше, оқиға жолаушыларды санау кезінде болған.

«2025 жылғы 13 қаңтарда FlyArystan әуекомпаниясының Астана – Өскемен бағыты бойынша рейсін ұшуға дайындауы барысында жолаушы бортсерікті жолаушыларды санау кезінде өтіп бара жатқан сәтте кенеттен ішінен ұрып жіберді. Бұл ретте, бұған дейінгі отырғызу кезінде жолаушы тарапынан қандай да бір деструктивті мінез-құлқы байқалмағанын атап өтеміз. 

Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен компанияның авиациялық қауіпсіздік қызметінің мамандары шақырылды. Құжаттарды тексеру барысында деструктивті жолаушы бомба бар екенін де мәлімдеді. Осыдан кейін әуежайдың кинологиялық қызметі шақырылып, барлық жолаушы ұшақтан шығарылды. Сондай-ақ, бортсеріктің жағдайын тексеруден өткізу үшін әуежайдың медициналық қызметі шақырылды», - делінген компания хабарламасында.

FlyArystan мәліметінше, әуе кемесіне жедел түрде мұқият тексеріс жүргізілді, нәтижесінде жарылғыш немесе басқа да тыйым салынған заттар табылған жоқ. 

«Әуекомпания борттағы құқық бұзушыларға қатысты төзімділік танытпау саясатын ұстана отырып, деструктивті жолаушыға қатысты қатаң шаралар қабылдайды. Бортта деструктивті мінез-құлық көрсетуге және ережелерді бұзуға мүлдем жол берілмейтінін және бұл заңнамада белгіленген жауапкершілікке әкелетінін еске саламыз.

Көлік полициясы департаментінің мәліметінше, бұзақылық және терроризм актісі туралы жалған хабарлау фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды», - дейді FlyArystan.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Өз кезегінде қалалық Полиция департаменті де болған оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады.

«Астана әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері іс-әрекеті айналасына қауіп төндіретін Астана-Өскемен рейсінің 47 жастағы жолаушысын ұстады. Ол мас күйінде бортсеріктіңішін ұрып, айқайлаған. Ол ұшақтан шығар кезде айтқан «бомба» сөзі жолаушылар мен экипаж арасында дүрбелең тудырды», - деді полиция.