Көкшетауда Ұлттық ұлан сарбаздары адам өлтірген күдіктіні ұстады

Автор: Дәулет Ботагөз

Ер адамның мәйіті бірнеше күн бұрын табылған

Фото: Ішкі істер министрлігі

Көкшетауда ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5510 әскери бөлімінің патрульдік қызмет сарбаздары адам өлтіру қылмысына күдікті азаматты ұстады. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми интернет-ресурсында жазылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

«2025 жылдың 11 қаңтарында кешкі сағат 20:00 шамасында жергілікті тұрғын полицияға ер адамның мәйітін тапқаны туралы хабарлаған. Аталған қылмысқа қатысты күдіктіні іздеу үшін патрульдік бөлімдер мен Ұлттық ұлан сарбаздарына бағыттама берілді», — делінген хабарламада.

Патрульдік бөлімше басшысы, аға сержант Жанғазы Шайхынның айтуынша, Әуезов көшесінде алкогольдік масаң күйдегі үш ер адам байқалған.

«Тексеру барысында олардың біреуінен қылмыс туралы хабарлаған азаматқа тиесілі жеке куәлік табылды», – деп мәлімдеді аға сержант.

Тексеру кезінде ер адамдардың бірі қашып кетуге әрекеттенген, алайда ол дереу ұсталды. Күдіктілердің барлығы агрессивті әрекет көрсетіп, талаптарға бағынудан бас тартқан. Олардың барлығы Көкшетау қаласының полиция басқармасына жеткізілді.

Тексеру барысында күдіктілердің біреуі адам өлтіру қылмысын жасағанын мойындады. Қазіргі уақытта бұл факті бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.