Ақмола облысында өрт сөндірушілер мен медицина қызметкерлерінің біріккен бөлімі ашылды
Бөлім заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді
Ақмола облысы Макинск қаласында өрт сөндіру және медициналық көмек көрсету қызметін біріктірген жаңа бөлімше іске қосылды. Бұл бөлімше қала мен оған жақын орналасқан елді мекендердегі 30 мыңнан астам тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл туралы Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Макинск қаласындағы бұл бөлімше Қазақстандағы құтқару қызметін жаңғырту бойынша пилоттық жоба аясында ашылған алғашқы бөлімшелердің бірі. Бөлімше өрт сөндіру қызметі мен медициналық көмекті біріктіру арқылы төтенше жағдайларға жедел және кешенді түрде жауап беруді қамтамасыз етеді», — делінген хабарламада.
1964 жылы салынған №8 өрт сөндіру бөлімінің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Бөлімшеде қызметкерлер үшін жақсартылған жағдайлар жасалды:
- Медициналық кабинет орнатылды;
- Асхана, душ бөлмелері, демалыс бөлмелері мен жаттығу залы жаңартылды;
- «Астана – Көкшетау» автожолындағы трассалық медициналық-құтқару пункті жаңа ғимаратқа ауыстырылды.
Бөлімше өрттерді сөндіру, жол-көлік оқиғаларының салдарын жоюмен қатар, шұғыл медициналық көмек көрсетуді де қамтиды. Бұл шаралар төтенше жағдайларда халыққа көрсетілетін көмектің сапасын арттыруға бағытталған.