Банктен 55 миллион теңге жымқырған қазақстандық Швецияда ұсталды

Автор: Дәулет Ботагөз

Ол шетелде қамауда отыр

Фото: © istockphoto.com

Швецияда Қазақстан ІІМ Ұлттық орталық бюросының сұранысы бойынша банк қаражатын жымқырды деген күдікпен 38 жастағы ер адам ұсталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, хабарлайды Azattyq Rýhy.

«2018 жылдың қазан айында күдікті Алматыдағы банктердің бірінен аударымдар арқылы 55 миллион теңге көлемінде қаражат жымқырған. Қазіргі уақытта ол шетелде қамауда отыр», – делінген хабарламада.

Күдікті халықаралық іздеуде болған. Оны Қазақстанға экстрадициялау және тергеу жұмыстарын жүргізу үшін құқық қорғау органдары тиісті шараларды қолға алып жатыр.