«AMANAT» бір аптада 500-ден астам өтінішті қабылдады
Жәрдемақы төлемдері, алимент рәсімдеуге көмек, тұрғын үй кезегіне қою, алаяқтармен күрес, ТКШ модернизациясы, сот шешімімен келіспеу. Қазақстандықтар күн сайын осы және басқа да мәселелермен «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдауларына жүгінеді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Белгілі болғандай, осы аптаның өзінде еліміз бойынша 500-ден астам өтініш қабылданып, 100-ден астам қабылдау өткізілді. Нәтижесінде, шамамен 350 адам өз мұң-мұқтаждарын мемлекеттік орган өкілдеріне, депутаттарға және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне жеке жеткізді.
Мәселен, Түркістан облысы Созақ ауылдық округінің тұрғыны су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаровтың қабылдауында суармалы жерлерді тиімді пайдалануды арттыру үшін су қоймасы салуды сұрады. Аталған округте 10 мыңнан астам адам тұрады, ал 2024 жылы егіс алқабы тек 2300 гектарды қамтыған. Түркістан облысының Бабайқорған ауылының тұрғындары жақын маңдағы су қоймасынан ауылға дейін бетон арық жүйесін салуды ұсынды, бұл судың шығынын азайтуға мүмкіндік береді.
Семей қаласының тұрғындары экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиевпен кездесуде шаңды қалдықтар мәселесін көтерді. Әсіресе, бұл проблема облыс орталығының құрамына кірген Восход, Водный және Озерки елдімекендерінің тұрғындары үшін өзекті. Сонымен қатар Степногорск қаласының тұрғыны табиғатты пайдаланудағы коммерциялық тиімділікті арттыру жөнінде ойларымен бөлісті.
Барлық айтылған ұсыныс пен өтініш жақын арада қаралып, партия мүшелерінің бақылауында болады.
Еске сала кетейік, республика бойынша «AMANAT» партиясының 226 қоғамдық қабылдауы жұмыс істейді, оның ішінде 1 республикалық, 20 өңірлік және 205 аумақтық қабылдау бар. Жалпы, 2024 жылы қоғамдық қабылдауларға 110 мыңнан астам адам жүгініп, 25 мыңға жуық азамат қабылданды. Барлық өтініштің 60%-ы оң шешімін тапты.
Айта кетейік, «AMANAT» партиясының кезектен тыс ХХІІ съезінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев партия жұмысын қайта құруды тапсырған болатын. Ол партияның қоғамдық қабылдаулары азаматтар үшін тек шағым айту орындары ғана емес, елді дамытуға қатысты нақты идеяларын жеткізуге арналған орталыққа айналуы керектігін атап өтті.
Өз сұрақтарыңызбен «AMANAT» Республикалық қоғамдық қабылдауына мына байланыс нөмірлері арқылы жүгіне аласыз:
Қабылдауға жазылу қабылдау күніне дейін 3 күнтізбелік күннен кешіктірілмей жүргізіледі.