Елордадағы Қабанбай батыр даңғылын кеңейтуге 89 млрд теңге жұмсалады

Автор: Azattyq Rýhy

Даңғылды жаңғырту жұмыстары маусымда басталады

Фото: баспасөз қызметінен

Нұр-Сұлтандағы Қабанбай батыр даңғылын жаңарту жұмыстары биылғы маусым айында басталады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, Есіл өзені көпірінен Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайына дейінгі аралықтағы Қабанбай батыр даңғылын жаңарту жұмыстары 1 маусымда басталады.

«ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов елорда үшін маңызды нысанның құрылыс науқанына дайындығын тексерді. Жоба аясында жалпы ұзындығы 17,353 шақырымды құрайтын Қабанбай батыр даңғылын 6-8 жолаққа дейін кеңейту көзделген. Бұдан бөлек, жаңарту жұмыстарынан өткен соң елордада Қабанбай батыр және Тұран даңғылдарының арасында көліктік торап пайда болады», - деп жазылған хабарламада.

Жоба көлік ағынын арттырып, аталған жолда жиі болып тұратын көлік кептелісін азайтуға септігін тигізеді.

Анықтама:

  • Мердігер ұйым –  China Xinxing Group Co., Ltd компаниясы мен «СП Сине Мидас Строй» ЖШС консорциумы
  • ТЭН авторы – «АстанаСтройПроектСервис-М» ЖШС
  • Келісім негізіндегі сома – 88 985,9 млн теңге
  • Жол ұзындығы – 17,353 шақырым