Науқастар инфекция жұқтырғанына сенгісі келмейді
Қазақстандық дәрігерлер коронавирустың ерекше салдары туралы мәлімдеді деп хабарлайды, Астана телеарнасы. Дәрігерлердің сөзінше, кей науқастар Covid-19 жұқтырғандарына сенгісі келмей медициналық қызметкерлерге жұдырық ала жүгірген. Мұндай әрекет пациенттердің психикасына әсер ететін көрінеді.
«Бұл шок, агрессия, ашу-ызаның әсері. Бірақ мұны адамдардың заңды реакциясы деп есептеймін. Олар өздерінен коронавирус анықталғанын негативті қабылдап, қағаз жүзінде дәлелді талап етеді. Зертхананың нөмірін сұрайды, ондағы нәтижелердің рас екеніне күдік келтіреді. Психо-эмоционалдық күйлерін әртүрлі әрекетпен көрсетеді, жұдырық ала жүгіргендер де болды», - дейді дәрігер-инфекционист Гүлнар Ысқақова.
Психотерапевт мамандар да адамдардың мұндай әрекетіне түсіністікпен қарап, қарапайым күйзеліс деп қабылдайды.
«Бұл сыртқа шығып жатқан әдеттегі агрессия. Кінәліні іздеуден осындай болады. Кінәлі адам табылмағандықтан, амалсыздан ашуын дәрігерден алғысы келеді», - деп түсіндіреді дәрігер-психотерапевт Динара Аяғанова.
Бұған дейін де COVID-19 инфекциясын жұқтырғандардың күйзелісі туралы британдық инфекционист мамандар хабарлаған. Коронавирус емінің болмауы адамдарда үрей тудырады, бірақ үш күннен кейін көбі тынышталады.