Жүкті Boeing 767-300 ұшағы тасиды
Air Astana әуекомпаниясы қайта жасақталған Boeing 767-300 ұшақтарымен халықаралық жүк тасымалы бөлімшесін құруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі. Бөлімше құрамында ондай ұшақ үшеу болмақ.
«Қазір әуекомпаниясының Алматы әуежайындағы инженерлік-техникалық орталығында бірінші Boeing 767-300 әуе кемесінде салонды конфигурациялау жұмысы жүріп жатыр. Яғни, ұшақ бортындағы жолаушылар орындықтары мен декоративтік қалқалар алып тасталады», - делінген хабарламада.
Айта кетсек, COVID-19 пандемиясы кезінде Air Astana Қазақстанға, Еуропа және Орталық Азия елдеріне медицина жабдықтары мен медицинаға арналған тауарлар тасымалдауды тоқтатпаған. Тасымалдауға арнайы жабдықталған Boeing 767-300 жолаушылар ұшағы шығып жүр.