СҚО-дағы Сергеев су қоймасы әлі күнге тасып жатыр. Былтырғы тасқын қайталануы мүмкін бе?
Мамандардың айтуынша тарихта мұндай құбылыс болған емес
Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев қоймасындағы су ернеуінен 4 сантиметрге асып, тасып жатыр. Мамандардың айтуынша тарихта мұндай құбылыс болған емес, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Тұрар Оразалин Есілдің жағасында туып-өскен. Көктемде еріген қар суымен молайып, арнасынан асатын өзен әдетте жазда, ал кей жылдары тамыз айыншда қалыпқа түсетінін айтады. Ал биыл ерке Есіл екпіндете тасып жатыр.
«Ең көп дегенде қараша айының басында су қатып, ешқандай қозғалыс болмайтын. Қазір мүздың астынан су жүріп жатыр. Осы бөгет менің бала кезімде салынды. Өзім куәсі болдым. Ал былтыр көктемгі тасқын кезінде ешқашан көрмеген су болды», - дейді Сергеевка қаласының тұрғыны.
Өткен жылғы сәйкес кезеңдегі көрсеткішпен салыстырғанда өзеннің тереңдігі 70 сантиметрге дейін көбейген. «Қазгидромет» мекемесінің мәліметінше соңғы 4 айда Есіл небәрі 4 сантиметрге төмендеді.
«Қазір мұз қалыңдай бастады. Салдарынан өзен деңгейі аздап көтерілді. Судың көп болуына көктемгі тасқын, жаңбырлы жаз, жерасты суларының көтерілуі себеп болып отыр. Сергеев су қоймасы қашан өз деңгейіне түсетінін нақты айта алмаймыз. Көктемгі тасқын туралы айтуға әлі ерте. Алғашқы болжам ақпан айының басында жасалады», - дейді «Қазгидромет» АҚ СҚО филиалы директорының орынбасары Наталия Левина.
Сергеев су қоймасы 1969 жылы салынған. Сыйымдылығы 700 млн текше метрге жақын. Мамандар көктем мезгілі басталғанша нысанның кемінде бестен бір бөлігін босату қажеттігін айтады. Қазір су қоймасы 101 пайызға толып тұр.
Синоптиктердің мәліметінше биыл солүстікте қыс қарлы болады. Ал көктем әдеттегі мерзімнен ерте келмек. Мамандар бұл факторлар тасқынның болуына әсер ететінін айтады. Дегенмен дәлірек болжам ақпан айында жасалмақ.