Депутат «Мейір-Бейс» жоғары колледжінің студенттерімен кездесті
Жаңа жылдың алғашқы жұмыс аптасында Парламент Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері республика өңірлеріндегі жұмыс сапарлары басталды. Бекітілген жұмыс кестесі бойынша депутат Ұласбек Сәдібековтің жұмыс сапары Түркістан облысының Төлеби ауданынан басталды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Депутаттың аудан жұртшылығымен кездесу жиындарына «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов, партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қуанышбек Қансейітов, аудан әкімдігінің жауапты қызметкерлері қатысты.
Жұмыс сапары аясында депутат орта буын медицина кадрлары мен педагогикалық бағыттар бойынша кәсіби мамандар даярлайтын «Мейір-Бейс» жоғары колледжі» жекеменшік білім беру мекемесінің жаңа ғимаратымен танысты. Аумағы 1 гектар жерді алып жатқан оқу орнында бір мезетте 1 мың студентке арнайы орта кәсіби білім беру мүмкіндігі бар. Қазіргі уақытта мұнда 640 шәкірт білім алып отыр. Оқу орны медициналық мамандықтар бойынша сапалы білім беруге дағдыланып, қажетті оқу құралдарымен, медициналық жабдықтармен қамтылған. Студенттердің кәсіби дағдыларын шыңдауда зертханалық құралдар, тәжірибе шыңдау жабдықтары, оқу құралдары түгелдей қарастырылған.
Заманауи оқу орнының базасымен танысқан Ұласбек Сәдібекұлы колледждің педагогикалық ұжымымен өткен кездесуде мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған жолдауында еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру маңызды басымдық ретінде белгіленгенін айтты.
«Мемлекет басшысы жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауы қажет екенін айтты. Өз кәсібін жетік меңгерген азаматтар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан, еңбек адамының мәртебесін көтеруде 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды», – деді Ұласбек Сәдібекұлы.
Колледж ұстаздары оқу орнына жатақхана салу және орта буын кадрлар даярлауда мемлекеттік оқу гранттарын қарастыру бойынша ұсыныстарын білдірді.
Жұмыс сапары аясында Ұласбек Сәдібекұлы мен партияның өңірлік филиалының төрағасы Леңгір қаласындағы аудандық мәдениет үйінде аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізді. Қоғамдық қабылдауда тұрғындарға берілетін электр қуатының сапасын арттыруда жаңадан салынған электр қосалқы станциясын іске қосу, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Зертас ауылында спорт кешенінің құрылысын жүргізу, Леңгір қаласында салынып жатқан үш көпқабатты тұрғын үйлер құрылысын мерзімінде аяқтап, пайдалануға беру, аудан орталығындағы кәріз жүйелерінің құрылысы мәселелері қозғалып, Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов азаматтар көтерген мәселелер бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Көтерілген мәселелер бойынша орталық мемлекеттік органдардың қатысуымен шешілетін түйіндерді Парламент Мәжілісінің депутаты өз бақылауына алатынын мәлімдеді. Сондай-ақ кездесу барысында Леңгір қаласының ауыз су мәселесі, тау бөктерінде орналасқан демалыс орындарын, аудандағы ірі кәсіпорындарды кәріз жүйесімен қамту бойынша аудан әкімдігі қолға алған бастамалар талқыланды.
Кездесу жиынын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев қорытындылады.