Ол жергілікті 40-қа жуық баланы жаттықтырады
Атырауда танымал джиу-джитсу жаттықтырушысы Тыныс Бисалиев шәкірттерін үйінде жаттықтыруға мәжбүр. Ол Атырау облысы басшылығына видеоүндеу жолдап, проблеманы көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бисалиев Атырау қаласының іргесіндегі Бірлік шағын ауданында тұрады. Онымен бірге 40-қа жуық жергілікті бала жаттығады. Бапкердің айтуынша, бұрын жаттығу жекеменшік залдарда өткен болса, қазір ата-аналар спортқа ақша төлеуден бас тартыпты. Бисалиев осыған байланысты амалсыз үйінде жаттығу жүргізеді.
Бір қызығы, шағын ауданда спорт кешені бар. Спорт кешенінің басшылығынан джиу-джитсу жаттығуларына кешкі уақытқа зал сұрағанымен бас тартыпты.
«Дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері сағат 19:00-ден 21:00-ге дейін бос уақыт бар. Атырауға барып, сол жерден спорт зал іздегенше, сабақтан кейін осында жаттығу ыңғайлырақ болар еді», – дейді ол.
Видеоның соңында Бисалиев облыс әкімі мен дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысын проблеманы шешуге шақырды.