Қазақстанда терроризмді насихаттаған екі адам сотталды

Автор: Дәулет Ботагөз

Олардың бірі шетелдегі террористік топтардың жағында соғысуға шақырған

Фото: © istockphoto.com

Тараз және Алматы қалаларында екі ер адам терроризмді насихаттағаны үшін сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, Тараз тұрғыны шетелдегі террористік топтардың жағында соғысқа қатысуға шақырып, өзі де соларға қосылуды жоспарлаған.

«Тараз қаласы сотының шешімімен ол терроризмді насихаттағаны үшін (ҚР ҚК 256-бабы), діни алауыздықты қоздырғаны үшін (ҚР ҚК 174-бабы) кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды», – делінген хабарламада.

Екінші сотталған адам – Алматы қаласының тұрғыны бұған дейін бірнеше рет қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін сотталған. Ол интернетте радикалдық идеологияны насихаттаумен айналысқан.

«Алматы қаласы сотының шешімімен ол терроризмді насихаттағаны үшін (ҚР ҚК 256-бабы), есірткі құралдарын заңсыз сақтағаны үшін (ҚР ҚК 296-бабы) кінәлі деп танылып, 7 жыл 1 айға бас бостандығынан айырылды», – деп хабарлады ведомство.

2024 жылдың басынан бері Қазақстанда террористік және экстремистік әрекеттері үшін 84 адам сотталған.