Қазақстанда микронесие беру шарттары күшейді

Автор: Дәулет Ботагөз

Алаяқтық әрекеттерді азайту мақсатында бірнеше шара енгізілді

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда микронесие беру шарттары қатаңдатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтың мәлімдеуінше, енді онлайн микронесиені рәсімдеу кезінде міндетті түрде екі шара қолданылуы қажет: биометриялық сәйкестендіру және электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ). Сонымен қатар микронесиелік ұйымдар (МҚҰ) клиентке ақша аударудан бұрын оның банктік шоты немесе төлем картасының дәл соған тиесілігі екенін анықтауға тиіс.

Алаяқтық әрекеттер мен басқа тұлғаларға несие беру жағдайларын азайту мақсатында келесі шаралар енгізілді:

  • Несие беру кезінде биометриясыз рәсімдеуге тыйым салу;
  • Банктердің клиенттерге алаяқтық қаупі туралы хабарлама жіберуі;
  • Клиенттердің несие алудан ерікті түрде бас тарту мүмкіндігі;
  • Банктер мен МҚҰ-ның несие беру өтініштері туралы мәліметтерді кредиттік бюроға беру міндеті.

Онлайн-несиелер рәсімдеу кезінде банктерге өтінішті мақұлдауды өтініш бергеннен кейін келесі күнге қалдыру ұсынылды. Бұл клиентке несие алу туралы шешімін қайта қарауға және қажетсіз қарыздан бас тартуға мүмкіндік береді.