Жол бойындағы дәретхана мәселесі: «ҚазАвтоЖол» азаматтарды мәдениетті болуға шақырды

Автор: Дәулет Ботагөз

Компания мұндай дәретханалар үнемі тазартылып, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілгенін айтты

Фото: © istockphoto.com

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жол бойына орнатылған дәретханаларды пайдалануға шақырып, жүргізушілерге арнайы үндеу жасады,  хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Ұлттық компанияның мәлімдеуінше, еліміздің көптеген жол учаскесінде жүргізушілер мен жолаушылардың жайлылығы үшін арнайы санитарлық тораптар орнатылған. Бұл дәретханалар үнемі тазартылып, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Олар жол бойындағы мәдениеттілікті сақтау мақсатында қызмет көрсетеді.

Алайда, «ҚазАвтоЖол» жүргізушілердің жабдықталған дәретханаларды пайдаланбай, ашық аспан астында қажеттіліктерін өтейтінін атап өтті.

«Кейбір адамдар санитарлық тораптардың жанында дәрет сындыруға дейін барады. Мұндай әрекеттер санитарлық нормаларды ғана емес, сонымен қатар жолдардың эстетикалық көрінісін бұзады. Бұл басқа жүргізушілер мен жолаушылар үшін қолайсыздық тудырып, жол инфрақұрылымы қызметкерлерінің жұмысын қиындатады. Сонымен қатар мұндай әрекеттер табиғатты ластап, экологияға зиян келтіреді», – делінген компания хабарламасында.

«ҚазАвтоЖол» азаматтарды жол бойындағы мәдениет пен тәртіпті сақтауға, жабдықталған санитарлық тораптарды пайдалануға және қоршаған ортаға зиян келтірмеуге шақырды.