Ресей мен Украина әскери тұтқындарын алмастырды

Автор: Дәулет Ботагөз

Екі жақ та 150 әскери қызметкерін қайтарып алды

Фото: © istockphoto.com

30 желтоқсан күні Ресей мен Украина әскери тұтқындарын алмастырып, әр тарап өз сарбаздарын қайтарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Ресей Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, елге Беларусь аумағы арқылы 150 әскери қызметкер қайтарылды. Украина да 150 жауынгерін қайтарып алды. Дегенмен, Украина президенті Владимир Зеленскийдің мәлімдеуінше, Украинаға барлығы 189 адам оралған.

Бұл әскери тұтқындармен алмасу бойынша кейінгі 11 айдағы ең ірі операция болды. Бұған дейін 2024 жылдың қаңтар айында 195 әскери қызметкерден тұратын екі жақты алмасу болған еді.

Ресей Қорғаныс министрлігі қазіргі алмасудың Біріккен Араб Әмірліктерінің арағайындығымен өткенін мәлімдеді.

Бұған дейін Ресей ең ірі алмасу бастамасын ұсынған болатын. Ол бойынша «630 адамды 630 адамға» айырбастау схемасы жоспарланған еді.