Қиын күндерде халқымыз мызғымас бірлігін көрсетті – Тоқаев

Автор: Мақсат Әсел

Президент мемлекеттің ешкімді назардан тыс қалдырмағанын атап өтті

Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы жаңажылдық құттықтау барысында 2024 жылы еліміздің бірнеше өңірінде алапат тасқын болғанын еске алып, қиын кезеңде халықтың ынтымақта болғанын атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Биыл көктемде бірқатар аймақта алапат тасқын болғанын білесіздер. Табиғаттың тосын сынағы бәрімізге ауыр тигені сөзсіз. Соған қарамастан, қиын күндерде халқымыз бір-біріне жанашыр болып, мызғымас бірлігін көрсетті. Зардап шеккен барша азаматқа жан-жақты көмек берілді. Мемлекет ешкімді назардан тыс қалдырған жоқ. Барлық міндеттемесін толық орындады. Жүздеген отбасы Жаңа жылды жаңа шаңырақта қарсы алып жатыр. Біз осылайша ырысты ынтымағымыздың арқасында барлық қиындықты еңсереміз. Алға сеніммен қадам басамыз. Жүйелі реформалар одан әрі жалғасады. Жоспарымыздың бәрі ойдағыдай орындалады. Алдағы жыл бұдан да табысты болады. Мен Президент ретінде бұған бар күш-жігерімді саламын», - деді Президент.

Сонымен қатар, Президент Үкіметтің тиімді жұмыс атқарып, экономиканың қарқынды өсімін қамтамасыз ететінін атап өтті. 

«Жаңа өндіріс орындарын ашып, бизнеске қолайлы жағдай жасау қажет. Жол салуды жалғастырып, коммуналдық саладағы түйткілді мәселелерді шешу керек. Цифрлық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні қолдану аясын кеңейткен жөн. Ауыл еңбеккерлерін барынша қолдау маңызды. Басты мақсатымыз – азаматтардың әл-ауқатын арттыру», - деді Тоқаев.