АҚШ Украинаға 1,25 миллиард доллар көлемінде тағы бір әскери көмек пакетін бермек
Алайда Трамптың Ақ үйге оралуы бұл көмектің тоқтауына немесе айтарлықтай азаюына әкелуі мүмкін деген қауіп бар
АҚШ Украинаға 1,25 миллиард доллар көлемінде әскери көмек көрсету жөнінде дүйсенбі күні жариялауы мүмкін. Бұл туралы Associated Press агенттігі америкалық шенеуніктерге сілтеме жасап хабарлады. Пакет құрамына NASAMS жүйесі мен Hawk әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері үшін елеулі көлемдегі оқ-дәрілер кіреді. Сонымен қатар Украинаға Stinger тасымалданатын зениттік-зымыран кешеніне арналған зымырандар, 155 мм және 105 мм калибрлі артиллериялық снарядтар берілмек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Euronoews-ке сілтеме жасап.
Бұл қазіргі америкалық әкімшіліктің Украинаға көрсеткен соңғы әскери көмек пакеті болуы мүмкін, себебі Джо Байден 20 қаңтарда қызметінен кетеді.
Жаңа көмек пакеті Ресей күштерінің Украинадағы энергетикалық нысандарға жаппай соққы берген оқиғасынан кейін жарияланып отыр.
Айдың басында Пентагонның жоғары лауазымды өкілдері Конгресс бекіткен 5,6 миллиард долларлық қару-жарақ пен жабдықты Дональд Трамп ант бергенге дейін Украинаға жеткізіп үлгермейміз деп мойындаған болатын.
Трамп Украинаға көрсетіліп жатқан әскери көмектің көлемін бұрыннан сынап келеді. Оның Ақ үйге оралуы бұл көмектің тоқтауына немесе айтарлықтай азаюына әкелуі мүмкін деген қауіп бар.
Трамп сондай-ақ Украина мен Ресей арасында келіссөздер арқылы бейбітшілік орнатуға тырысатынын айтып, президенттік науқан кезінде соғысты «бір күнде аяқтай аламын» деп мәлімдеген.
Дегенмен, көптеген америкалық және еуропалық көшбасшылар бұл келіссөздердің Украина үшін қолайсыз нәтижелерге, соның ішінде аумақтық шығындарға әкелуі мүмкін деп алаңдауда. Олар сондай-ақ Конгресс мақұлдаған қаржыландырудың Украинаға жеткізілмей қалуынан қауіптенеді.