Қайрат Сәтжанов: «Айбек Оралбай салмақты азайтып, өз мүмкіндігін арттырады»
Бас бапкер Нұрбек Оралбайға қатысты да пікірін білдірді
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов YouTube-тегі «Спорт министрі» арнасына берген сұхбатында Нұрбек Оралбайдың жоқтығының әсері және команданың капитаны Айбек Оралбайдың аса ауыр салмақ дәрежесіндегі болашағы жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Sport.kz сайтына сілтеме жасап.
Бапкердің айтуынша, Нұрбек Оралбайдың тәжірибесі мен көшбасшылығы командаға қатты жетіспеген, әсіресе Тайландтағы Азия чемпионатында.
«80 келіге дейінгі салмақта Нұрбектің үлкен тәжірибесі бар. Ол тек мықты спортшы емес, сонымен қатар көшбасшы. Оның харизмасы мен сол көшбасшылығы бізге қатты жетіспеді», — деді Сәтжанов.
Айта кетейік, Нұрбек Оралбай қаңтар айында ұлттық құрама жаттығуларына қайта қосылады деп күтілуде.
Сұхбат барысында бас бапкер Айбек Оралбайдың аса ауыр салмақтағы перспективасы туралы да айтты.
«Азия чемпионатынан кейін біз сөйлестік. Айбек 105 келімен болашақта ауыр боксқа түсу қиын болатынын мойындады. Шымкенттегі Қарақозы Абдалиев атындағы турнирде ол төрт жекпе-жек өткізіп, Тайландтағы көрсеткішінен жақсырақ өнер көрсетті: салмағы азайып, жылдамдығы артты. Біз оның салмағын 98 келіге дейін түсіру бағытында жұмыс жасаймыз», — деп атап өтті бас бапкер.
Айта кетейік, Айбек Оралбай ұлттық құрама капитаны ретінде Қазақстанның бокстағы көшбасшылығын нығайтуға үлес қосуда. Алдағы жарыстарда оның физикалық дайындығы мен стратегиясы жоғары нәтиже көрсетуге септігін тигізеді деп күтілуде.