Сондай-ақ, шетелдік жұмыс күшін тиісті рұқсатсыз заңсыз пайдаланғандар да жауапқа тартылды
Түркістан облысында көші-қон заңнамасын бұзған 140 шетелдік елден шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Түркістан облысының аумағында жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында полицейлер көші-қон заңнамасын бұзған 270-ке жуық шетелдікті анықтады. Оның ішінде 140 шетелдік азамат сот шешімі бойынша елден шығарылды.
Сондай-ақ іс-шара аясында тәртіп сақшылары 50-ден астам автокөлікті тексеріп, жолаушыларды заңсыз тасымалдаумен айналысқан 4 шетелдікті анықтады. Көші-қон заңнамасын бұзушыларға әкімшілік шара көріліп, жиналған материалдар сотқа жолданды. \
Бұдан басқа шетелдік жұмыс күшін тиісті рұқсатсыз заңсыз пайдаланғаны үшін, сондай-ақ ҚР көші-қон саласындағы заңнаманы бұза отырып, шетелдіктерге тұрғын үй бергені үшін Қазақстанның 50-ге жуық азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Естеріңізге сала кетейік, «Такси жүргізуші – заңсыз келуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және мобильді қосымшаларды пайдалана отырып, жолаушыларды заңсыз тасымалдаумен айналысатын шетелдік азаматтарды анықтауға бағытталған.