ШҚО-да әкімдік жетім баланың үйі мен жерін басқа біреуге заңсыз өткізіп жіберген

Автор: Асыл Арман

Бұл мәселе әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында анықталды

Фото: istockphoto.com

ШҚО-ның Шемонаиха ауданында балалар үйінің түлегіне тиесілі баспананы әкімдік басқа адамға беріп жібергені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Прокурорлар бұл мәселені әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында анықтады.

Белгілі болғандай, ол балалар үйінде болған кезеңде Шемонаиха қаласындағы тұрғын үйі мен жер учаскесі аудан әкімдігі тарапынан заңсыз үшінші тұлғаларға берілген.

Аудандық прокуратура қызметкерлері тәрбиеленушіге сотқа талап арызын дайындау мен оны беру барысында құқықтық көмек көрсетті.

«2024 жылдың мамыр айында Шығыс Қазақстан облысының әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен А.В.О. талап-арызы қанағаттандырылып, дауласқан нысанға қатысты құқық белгілейтін құжаттар жарамсыз деп танылды.

Қабылданған шаралар әділдікті қалпына келтіруге және балалар үйінің тәрбиеленушісінің құқықтарын қорғауға мүмкіндік берді», - делінген прокуратура хабарламасында.