Астанада қар тазалау жұмыстарына 1200-ден астам арнайы техника жұмылдырылды

Автор: Дәулет Ботагөз

Коммуналдық қызметтер 2 833 рейс жасады

Фото: қала әкімдігі

Астанада 21-22 желтоқсан аралығында түні бойы коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп, қар тазалау жұмыстарын жалғастырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«21 желтоқсан күні коммуналдық қызметтер қаладан 34 мың текше метр қарды 2 833 рейспен шығарды. Түнгі ауысымда 343 жол жұмысшысы және 1 264 арнайы техника бірлігі жұмылдырылды. Қысқы маусым басталғалы бері қаладан 102 654 рейспен шамамен 1,3 миллион текше метр қар полигондарға шығарылды», — деп жазылған хабарламада.

Қаланың қар тазалау жұмыстары белгілі бір басымдықтар бойынша жүзеге асырылып жатыр. Алдымен, көлік қозғалысы ең қарқынды учаскелер тазартылады, бұл кептелістерді болдырмауға көмектеседі. Орташа қарқындылықтағы учаскелер — вокзал маңы аумақтары, алаңдар, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кіреберіс жолдар тазаланады. Жолаушылар көлігі бағыттары, аялдамалар және тротуарлар ерекше бақылауда.

Астанада бірнеше қар полигоны жұмыс істейді. Олар арнайы техниканың нөмірлік белгілерін автоматты түрде танитын жүйемен жабдықталған. Сондай-ақ полигондарда бейнебақылау камералары орнатылған және жарықтандыру жүйесі қосылған.

«Бірінші кезекте, кептелістерді болдырмау үшін қарқынды қозғалыс аумақтары тазартылып жатыр. Бұдан бөлек, алаңдар, тротуарлар, вокзал маңы аумақтары және әлеуметтік нысандарға кіреберіс жолдарға ерекше назар аударылады», — деп мәлімдеді әкімдік өкілдері.