Олар мінген автобус бұзылып қалған
Ақтөбе облысында төтенше жағдай қызметінің мамандары істен шыққан автобустан 52 шетел азаматын эвакуациялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, автобус Самара – Шымкент тас жолының бойында, Ырғыз ауданы аумағында бұзылып қалған.
«Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары техникалық ақауға ұшыраған автобустың жолаушыларын жақын маңдағы Ырғыз ауылындағы жылыну пунктіне жеткізді. Эвакуацияланғандардың саны – 52 адам, оның ішінде 1 бала бар. Жолаушылардың көпшілігі – Өзбекстан Республикасының азаматтары және алтауы – Тәжікстан Республикасының азаматтары. Қазіргі уақытта эвакуацияланғандар басқа автобусқа отырғызылып, сапарын жалғастырды», – делінген министрлік хабарламасында.
Оқиға барысында ешкім зардап шеккен жоқ.