Онда газ-ауа қоспасы жарылды
Риддер қаласындағы жылу-электр орталығында (ЖЭО) жарылыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Риддер қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«2024 жылдың 21 желтоқсанында таңғы сағат 4:39-да Риддер ЖЭО-ның ленталы конвейер учаскесінде газ-ауа қоспасы жарылды. Жарылыс нәтижесінде өрт шықпаған. Бұл оқиға жоспарлы жөндеу-монтаждау жұмыстары кезінде болған», — деп жазылған хабарламада.
Әкімдіктің мәлімдеуінше, «Риддер ЖЭО» штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр, ал қала тұрғындарының үйлеріндегі температура қалыпты. Оқиға болған сәтте сыртқы ауа температурасы минус 4 градус болған.
«Шығыс жылу» АҚ мамандары жылу жүйесін тексеру және реттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осыған байланысты жүйедегі қысым уақытша аздап төмендеуі мүмкін», – делінген хабарламада.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев оқиға орнына барып, жағдайды бақылауға алды. Әкімнің айтуынша, жарылыс салдарынан алты адам зардап шеккен.