Шымкентте екі қабатты үйде болған өрттен 52 жастағы әйел көз жұмды

Автор: Дулат Асель

Өрттің нақты себебі әлі белгісіз

Фото: depositphotos.com

18 желтоқсан күні Шымкентте екі қабатты үйде таңертең өрт шыққан. Алдымен жалын үйдің бірінші қабатын шарпыған. Сол жерде 52 жастағы әйел болған. Ол – Түркістан облыстық тергеу сотының бұрынғы төрағасының экс-жұбайы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy OTYRAR-ға сілтеме жасап.

Марқұмның туыстары өрттің себебі белгісіз екенін айтады.

«Сол күні болған оқиғаға байланысты бізді ішке кіргізбеді. Канистра туралы айтылып жатыр, бірақ оны біз көрген жоқпыз. Олар 2021 жылы ажырасқан, төрт жылдан бері бірге тұрмаған», - дед марқұмның туысы.

Өртті ең алдымен көршілері байқап, өрт сөндірушілер мен дәрігерлерді шақырған. Сосын олар екінші қабаттағыларға көмектесу үшін көрпелер мен жұмсақ заттар әкеліп, секіргенде жарақат алмауын қамтамасыз еткен.

«Мен жұмсақ заттар мен баспалдақ әкеліп, оларға шығуға көмектестім. Үш адам болды. Ер адам кішкентай баланы алып, құшақтап бірінші болып секірді. Ал әйелді өрт сөндірушілер түсірді», - деді оқиға куәгері.

Ер адам, оның әйелі және 11 айлық сәби қазір ауруханада. Әйел қатты уланған, ер адам секірген кезде омыртқасын зақымдаған, ал сәби ми шайқалу диагнозымен ем алып жатыр.

«24 жастағы ер адамның омыртқасы зақымданған. Ол бірінші клиникалық ауруханада емделіп жатыр, оған операция жасалды. Қазіргі жағдайы тұрақты», - деді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Абдуллаев.

Сәбиді қалалық балалар клиникалық ауруханасына жеткізді. Ол ми шайқалуы мен улануға байланысты ем қабылдауда.

Өрттің нақты себебі әлі белгісіз. Шымкент қаласының полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын бастағанын хабарлады. Алайда істің нақты қандай бап бойынша тіркелгені әзірге белгісіз.