Оралда полицейлер көшеде есінен танып қалған әйел адамға көмектесті (ВИДЕО)

Автор: Дулат Асель

Мән-жайларды анықтау барысында әйелдің эпилепсиямен ауыратындығы анықталды

Видеодан алынған кадр

19 желтоқсанда Орал қаласы полиция басқармасының Абай полиция бөлімінің қызметкерлері Рүстем Мұхамбетьяров және Санжар Әбдірахманов облыс орталығындағы мектептердің бірінде құқықтық сауаттылық сабақтарын өткізу кезінде терезеден бір әйел адамның көшеде құлағанын байқап қалған. Оның жанында кәмелетке толмаған қызы болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық полиция басқармасына сілтеме жасап.

Полицейлер дереу көшеге жүгіріп шығып, әйелдің ес-түссіз жатқанын көреді. Тәртіп сақшылары тез арада шешім қабылдап ауа-райының суық болуына байланысты, оны ақырын көтеріп, мектеп ғимаратының ішіне алып келеді. Онда қызметкерлер алғашқы көмек көрсете бастайды. Біраз уақыттан кейін әйел адам есін жинап, өзіне келді. Полиция қызметкерлері оқиға орнына дереу жедел жәрдем шақырды.

«Мән-жайларды анықтау барысында әйелдің эпилепсиямен ауыратындығы анықталды. Жедел жәрдем келгеннен кейін полицейлер зардап шеккен адамды дәрігерлерге тапсырды», - делінген хабарламада.