Сотта оның жазасын жеңілдететін мәселелер қаралды
Қостанай облысында 16 жастағы қыз баланы зорлап, өлтірді деген атышулы іс бойынша Әулиекөл ауылының тұрғынына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ер адам бұл қылмысқа осы жылдың маусым айында мас күйінде барған. Ол 16 жастағы қызды зорлап, қылмысын жасыру үшін оны буындырып өлтірген.
Сот жазаны жеңілдететін бірқатар факторды ескерді: кінәсін мойындау, жас балаларының болуы, оның ақыл-есіне қатысты психикалық бұзылулар.
Ер адам өмір бойына педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Сол сияқты сот оны 25 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын орташа режимдегі колонияда өтейтін болады.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.