Сол қаржыға су тасқынына қарсы су бұру арнасы салынды
Ақмола облысында жол салу барысында негізсіз жұмсалмақ болған 800 млн теңгеге жуық қаржыға Қоянды ауылында су бұру арнасы салынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақмола облысында көлік жолдарын салу және жөндеу мониторингі барысында жоспардан тыс жұмыстарды қосу есебінен сметаны асыра бағалау мәселесі анықталды.
Антикор мәліметінше, 2022 жылы Аршалы ауданының «Бабатай-Волгодоновка-Береке-Бұлақсай» учаскесін салуға жергілікті бюджеттен 4,4 млрд теңге бөлінді.
«2023 жылы кеткен қаражаттарды саралау кезінде шығындарға уақытша айналма жолды ұйымдастыруға кететін шығындар кірген. Бұл ретте осы жол жұмыстарының бағасы негізсіз 764 млн теңгеге ұлғайған.
Талдау қорытындысы бойынша Ақмола облысының әкімдігі жобаның бағасын қайта қарады. Үнемдеу есебінен пайда болған қаражатқа Целиноград ауданының Қоянды ауылында су тасқыны кезеңінде еріген сулардың қауіпсіз өтуі үшін су бұру арнасы салынды», – делінген хабарламада.