Ол Имантау ауылынан жылқы айдап әкетіп, қайта оралмаған
Солтүстік Қазақстан облысында жоғалып кеткен 43 жастағы ер адам аман-есен табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айыртау ауданында Имантау мен Арықбалық ауылдары арасында ТЖД құтқарушылары полиция, әкімдік қызметкерлері және жергілікті тұрғындардың көмегімен жоғалған азаматты іздестірді. 1981 жылы туған ер адам алдыңғы күні Имантау ауылынан жылқы айдап әкетіп, қайта оралмаған.
«Іздеу шараларын күшейту мақсатында дрон қолданылды», – деп мәлімдеді ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.
Құтқарушылар ер адамды ауылдан 8 шақырым қашықтықтағы ашық далада тауып, оны елді мекенге жеткізді. Оған медициналық көмек қажет болмаған.