1991 жылы дәл осы күні «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заң қабылданды
Бүгін еліміздің тәуелсіздік алғанына 33 жыл толды. 1991 жылы КСРО ыдырап, Одақ құрамындағы елдер егемендік алып, өздерінің тәуелсіздігін жариялады. Қазақстан бұл тарихи шешімді қабылдауда соңғы ел болды. 1991 жылдың 16 желтоқсанында ҚР Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заңды қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл құжат Қазақстанның тәуелсіздігін ресми түрде жариялап, елдің жаңа тарихының бастауына айналды. Егемен мемлекет ретінде Қазақстан әлемдік аренада өзіндік даму жолын айқындап, экономикалық, саяси және мәдени реформаларды қолға алды.
Қазақстанның тәуелсіздік күні – тек мемлекеттің азаттығының белгісі ғана емес, сонымен қатар халқымыздың бірлігі мен ұрпақтар сабақтастығының символы. Бүгінде 16 желтоқсан күні еліміздің түкпір-түкпірінде салтанатты іс-шаралар өтіп, тәуелсіздік жолындағы тарихи тұлғаларға тағзым етіледі.
Тәуелсіздікке жету – елдің тағдыры үшін ерекше оқиға. Бұл күн әрбір қазақстандық үшін еркіндіктің, бейбіт өмірдің және жарқын болашаққа деген сенімнің символы болып қала бермек.