Қаза тапқандардың туыстары моральдық өтемақы ретінде 70 миллион теңге талап етті
Ақтөбе облысында болған қайғылы жол апатына кінәлі деп танылған жүк көлігінің жүргізушісі шетел азаматы Сергей Соловьев өз кінәсін мойындады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК-ға сілтеме жасап.
«Тамыз айында Самара – Шымкент тасжолында болған апатта бес жасөспірім футболшы мен үш ересек азамат қаза тапты. Олар Маңғыстау облысына футбол турниріне бара жатқан. Жолда Toyota Ipsum минивэні жүк көлігімен соқтығысып, салонда болғандардың барлығы: 11 жастағы бес оқушы, 37 жастағы әке, көлік жүргізушісі және тағы бір ересек жолаушы қаза тапты», — деп жазылған материалда.
Қайғылы оқиғаға байланысты жүк көлігінің жүргізушісі, Беларусь Республикасының азаматы Сергей Соловьев айыпталып отыр. Сот отырысында 37 жастағы айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, өкінішін білдірді.
Қаза тапқандардың туыстары моральдық өтемақы ретінде 70 миллион теңге талап етті. Айыпталушы өтемақы төлеуге келісім бергенімен, соманы азайтуды сұрады. Оның айтуынша, отбасының қаржылық жағдайы қиын, өйткені ол – жалғыз асыраушы, ал жұбайы декреттік демалыста.
Мемлекеттік айыптаушы Сергей Соловьевті 5 жылға бас бостандығынан айыруды және көлік құралдарын басқару құқығынан 7 жылға айыруды сұрады.