Сайлау Грузияда бұған дейін басталған жаппай наразылық акцияларының аясында өтті
Грузияда президент сайлауында бұрынғы футболшы, экс-депутат Михаил Кавелашвили жеңіске жетті. Ол елдің билік партиясы «Грузин арманының» атынан жалғыз үміткер болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Euronews сайтына сілтеме жасап.
«Сайлау Грузияда бұған дейін басталған жаппай наразылық акцияларының аясында өтті. Орталық сайлау комиссиясының өкілі Натия Иоселианидің мәліметінше, президенттік сайлауда 300 сайлаушыдан тұратын коллегияның жартысынан көбі дауыс берген», — деп жазады басылым.
Грузияның қазіргі президенті Саломе Зурабишвили өзінің өкілеттігі аяқталған соң, яғни 29 желтоқсаннан кейін президент резиденциясынан кетпейтінін мәлімдеді. Бұл мәлімдеме премьер-министр Ираклий Кобахидзенің сынына ұшырады. Ол «29 желтоқсан күні инаугурация өткенде Зурабишвили заңды түрде сайланған президентке резиденцияны босатуы тиіс» деп жауап берді.
Оппозициялық партиялар бұл сайлауды мойындамайтынын айтып, үкіметке қарсы акцияларды жалғастыруға шақырды.