2015 жылдан бері «МӘМС туралы» заңға 40 рет өзгеріс енгізілген — депутат
Айдос Сарым соған қарамастан заңда әлі де проблема бар екенін айтты
Мәжілістегі Қоғамдық палатаның көшпелі отырысында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі проблемалық мәселелер қаралды. Талқылау Nazarbayev University медицина мектебінде Айдос Сарымның төрағалығымен өтті. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айдос Сарым «МӘМС туралы» заңның 2015 жылы қабылданғанын, содан бері оған шамамен 40 рет өзгеріс енгізілгеніне, бірақ мәселелердің әлі де бар екеніне назар аударды. Оның айтуынша, азаматтарды жеке қабылдаулар кезінде, хаттары мен өтініштерінде денсаулық сақтау саласы, медициналық қызмет көрсету сапасы және оның қолжетімділігі туралы шағымдар жиі көтеріледі.
«МӘМС енгізудің негізгі идеясы азамат, оның жұмыс берушісі және мемлекет денсаулық үшін ортақ жауапкершілік алуы тиіс дегенге негізделген. Бұл жүзеге асты ма? Мемлекет басшысы қыркүйектегі Жолдауында бұл салаға биыл 3,3 трлн теңге бюджет қаражаты бағытталғанын ерекше атап өтті. Дегенмен, осындай үлкен қаражат құюдың нәтижелілігі әлі де алаңдаушылық тудырады», – деді Айдос Сарым.
Депутат Президент бюджеттің мүмкіндіктері мен міндеттемелері тұрғысынан теңдестірілген базалық мемлекеттік медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастыру міндетін қойғанын еске салды. Бұл ретте қалғанының бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс.
Денсаулық сақтау вице-министрі Ардақ Амангелдиевтің айтуынша, биыл министрлік Президент тапсырмаларын орындау аясында негізгі мәселелерді шешу бойынша жұмыс істеді. Оның ішінде, халықтың МӘМС жүйесімен қамтылуының төмендігі, мемлекеттік базалық медициналық көмек пен МӘМС бойынша қаржы тапшылығы сияқты мәселелер бар.
«Медициналық көмекті пакеттер бойынша жасанды бөлу мәселесін шешу үшін 2026 жылдан бастап негізгі міндеттемелерді мемлекеттік базалық көмек пакетінен МӘМС жүйесіне кезең-кезеңімен көшіру ұсынылуда. 2027 жылға қарай біз медициналық қызметтерді қаржыландырудың негізінен сақтандыру моделіне көшуді жоспарлап отырмыз. Ол кезде шығындардың үлесі мемлекеттік көмекке – 32 пайызды (1,2 трлн теңге), ал МӘМС-ке – 68 пайызды (2,5 трлн теңге) құрайды», – деді вице-министр.
Дегенмен, мұндай модельді енгізудің негізгі шарты – азаматтардың сақтандыру жүйесіне жоғары деңгейде қатысуы, яғни кемінде 95 пайыз болуы. Бүгінгі таңда 16,9 млн қазақстандық (82,6%) сақтандырылған, оның 11,9 миллионы жеңілдік санатындағы азаматтар, яғни олардың сақтандыру жарналарын мемлекет төлейді. Сондай-ақ 2015 жылғы бастапқы қаржылық модельге кезең-кезеңімен оралу жоспарлануда. 2026 жылдан бастап МӘМС жарналарын есептеу базасының жоғарғы шегін 10 ең төменгі жалақыдан 50 ең төменгі жалақыға дейін ұлғайту, 2027 жылы мемлекет тарапынан жарна мөлшерлемесін арттыру көзделіп отыр.
Талқылау барысында Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов бұл мәселені шешу қарапайым азаматтардың мүдделеріне қайшы келетінін атап өтті. Соңғы екі жылда медициналық қызметтерге халық шығындары 27 пайыздан 31 пайызға дейін өсті.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары Индира Саркенова қордың медициналық көмек көрсету қызметтерін сатып алуға қосылу шарттарын оңтайландырғанын айтты. Өзгерістер негізінен жеткізушілер үшін жағдайды жақсартуға бағытталған. Нәтижесінде, олардың міндеттері 40 тармақтан 17 тармаққа дейін қысқартылды, ал құқықтары 6 тармақтан 9 тармаққа дейін артты. Сонымен қатар тәуекелдерді басқару жүйесі енгізілуде. Бұл жүйе бойынша медициналық ұйымдар жасыл, сары және қызыл аймақтарға бөлінеді. Соңғы екі аймақ бойынша медициналық көмектің сапасы мен келісім-шарттық міндеттемелердің орындалуы мұқият тексеріледі.
Сарапшы Наталья Малярчук «МӘМС туралы» заңды қайта қарау қажеттігін атап өтті. Мысалы, бесінші тарау Салық кодексіне өзгерістер енгізілуіне байланысты түзетулерді қажет етеді. Сонымен қатар тарифтердің құрылымын заңнамалық тұрғыдан бекіту қажет.
«Негізгі ұсыныс – МӘМС жүйесін басқаруды қайта қарастыру. Мұнда басты рөл Үкімет пен уәкілетті органға берілуі керек, ал Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры олардың тапсырмаларын орындаумен айналысуға тиіс. Үкіметке жүйенің басқару моделін, тарифтерді, ақпараттық жүйелер жұмысын, сақтандырылғандардың құқықтарын қорғау жүйесін және қатысушылардың жауапкершілік шараларын бекіту құқығын беру ұсынылады. Денсаулық сақтау министрлігіне ӘМСҚ қызметіне толық бақылау жүргізуді қамтамасыз ететін функциялар жүктелі қажет. Қордың өзіне жауапкершілікті күшейтіп, қаржылық және басқа да есептіліктің ашықтығын қамтамасыз ету керек», – деді Наталья Малярчук.