Атырауда қызуы көтерілген 10 айлық бала қайтыс болды
Анасы кінәлілердің жазалануын талап етіп отыр
Атырауда қызуы көтерілген 10 айлық бала қайтыс болды. Анасы сәбиінің өліміне немқұрайлылық танытқан дәрігерлерді айыптап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қайғылы жағдай туралы белсенді Нұрлан Жүнісов өзінің Facebook-тегі парақшасында жариялады.
Қайтыс болған сәбидің анасының айтуынша, қызуы көтерілген баланы құшақтап ол бес сағат бойы екі аурухананың арасында жүрген.
«Баламның қызуы түнде көтеріліп бастады. Таңертең учаскелік дәрігерді шақырдым, бірақ ол келмеді. Содан кейін түскі 13:30 шамасында инфекциялық ауруханаға таксимен апардым. Ол жерде ұзын-сонар кезек болды. Баламның температурасы ол кезде 38,9-ды көрсетіп тұрды, мұны барлық дәрігерлер көрді. Сосын бізді қабылдады, баланың ішінің кеуіп тұрғанын, тіс жарып жатқанына байланысты қызуы көтеріліп тұрғанын айтты»,- деді қайғыдан қан жұтып отырған ана.
Мұндағы дәрігерлер әйелге облыстық ауруханаға баруды ұсынған. Сөйтіп ана баласын көтеріп, екінші ауруханаға барған.
«Облыстық балалар ауруханасында баламды бірден рентгенге түсіріп, барлығы таза екенін айтты. Артынша, ішегін тексеріп, КТ түсірді. Содан кейін, саусағынан қан алды. Ол кезде балам ештеңе сезбеді. Тексерістен өткеннен кейін, дәрігер қайтадан жұқпалы аурулар ауруханасына екпе салдыруға жіберді. Ол жерге де таксимен бардым. Дәрігерлер баламды қабылдап, жағдайы ауыр екенін айтқан. Сәлден кейін бірден өзімді кеш әкелгенім үшін кінәлай бастады. Дәрігерлердің немқұрайлылығының кесірінен мен екі аурухана арасында бес сағат жүрдім. Ұлымның өліміне кінәлілер жазалансын», - деді ана.
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы 10 айлық баланың өліміне қатысты түсініктеме берді. Басқарманың хабарлауынша, науқас бала облыстық балалар ауруханасының хирургі мен педиатр дәрігерге қаралған. Бұл ауруханада сәби рентгенге түсіріліп, толық тексерістен өткізіліп, қайтадан № 2 облыстық ауруханаға жіберілген.
«Науқас екінші рет ауруханаға 6 желтоқсанда кешкі сағат 18:10-да ауыр жағдайда жеткізілді. Қабылдау бөлімінде оны кезекші реаниматолог қарап, алғашқы көмек берілді. Содан соң жансақтау бөлімшесіне жатқызылды. Мұнда дәрігерлер жедел консилиум ұйымдастырып, оған невропатолог, офтальмолог дәрігерлері шақыртылды. Баладан алынған талдау нәтижелері оның ахуалы алаңдатарлық жағдайда екенін көрсетті. Оның жүрек соғысы бірнеше рет тоқтап, реанимациялық шаралар жүргізілді. Алайда соған қарамастан науқас бала 7 желтоқсанда түнгі сағат 00:20-да қайтыс болды», - делінген хабарламада.