Курчатов қаласында кәріз құбыры жарылып, қалдық су Ертіс өзенін ластап жатыр

Автор: Мақсат Әсел

Екібастұз, Қарағанды, Астана сынды ірі қалалар ауыз суды Ертіс өзенінен алып отыр

Фото: depositphotos.com

Курчатов қаласында кәріз құбыры жарылып, лас су Ертіс өзенін ластап жатыр. Қалдық судың өзенге құйылып жатқанын тұрғындар видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

КТК арнасының хабарлауынша, облыстық экология департаментінің өкілдері оқиға орнына барып, ақпараттың рас екеніне көз жеткізді. Салғырттыққа жол берген жауапты мекемелерге қатысты тексеріс жүргіземіз дейді мамандар. Айта кетейік, Екібастұз, Қарағанды, Астана сынды ірі қалалар ауыз суды Ертіс өзенінен алып отыр. Ал жарылған құбырды дереу қалпына келтіруге ауа райы кедергі көрінеді. Дегенмен қала әкімі «Ертіс ластанды» деп даурығудың қажеті жоқ дейді. Өйткені барлық жерде кәріз қалдығы өзенге қосылып ағып жатыр екен.

 «Ертіс өзенінің бойында орналасқан барлық елдімекен мен қалаларда Ертіске ағып жатыр. Ол тазартылып, сол жерде ағызылатын болады. Негізі анализдер бойынша бізде ешқандай бұзушылық жоқ. Бірақ әлеуметтік желіде шығып жатқан ақпаратты мен түсіндіре кетейін. Ол құбырдың өзі Ертіс өзеніне кіріп тұр ғой. Сол жақын арада «излом» дейді ғой. Сол жерден сынған. Негізі ол бәрібір сол сумен ағатын нәрсе», - дейді Курчатов қаласының әкімі Болат Әбдірәлиев.