Теңіз кенішінде коронавирус жұқтырғандар саны 935 адамға жетті

Автор: Azattyq Rýhy

Бас санитар Қазақстанда індет жұқтырғадар саны неге күрт артқанын айтты  

ҚР Мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова соңғы күндері коронавирус жұқтырғандардың бұрынғыдан көп анықталып жатқанын айтты.  Өткен тәулікте елде 258 жаңа жағдай тіркеліп, өсім 3 пайызды құраған. Дегенмен, соңғы аптадағы орташа өсім 15%. Ауырғандардың 50 пайызы немес 3649 адам жазылып шыққан.

«Науқастардың көп тіркелуінің бірінші себебі,  тестілеудің, скринингтің белсенді жүргізілуіне байланысты.  Бүгінге дейін 559 мың адамды тесттен өткіздік. Наурызбен салыстырғанда тәуліктегі тест саны  6 мыңнан 23 мыңға дейін көтерілді.  Сәуір-мамыр айындағы науқастардың 60%-ын скрининг арқылы анықтадық. Көбі симптомсыз адамдар. Соңғы күндері олардың үлесі 80 пайыз болды», - деді Айжан Есмағамбетова.

Науқастар санының артуының екінші себебі - індеттің еңбек ұжымдарында жаппай таралуына байланысты.

«Мысалы, Теңіз кен орнында 935 адамнан коронавирус табылды.  Шымкентте «Петро Казахстан Ойл продакшнның» 101 қызметкері, оған қарасты кәсіпорындардың 23 қызметкерінен инфекция табылып, олар үйлеріндегі 69 адамға жұқтырған. Қарағандыда «Қазақмыстың» бір кен орнына 34 жағдай тіркелді. Теңізге байланысты облысқа Үкіметтік комиссия жіберіп, жұмыс кестесін басқа бекіту қаралуда. Егер санитарлық шаралар сақталмаса, жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр боламыз», - деді Айжан Есмағамбетова.

Бас санитарлық дәрігер статистиканың артуының үшінші себебін, COVID-19 симптомдары бар науқастар медициналық көмекке өздері келіп жүгіне бастағанымен байланыстырды.

«Олардың үлесі 40%-ға артты. Көбіне Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар, Қостанай, Ақтөбе облыстарының адамдары ауруханаға келеді», - деп айтты А.Есмағамбетова.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан