Ол осыған дейін облыс әкімдігінде қызмет еткен
Саран қаласының әкімі болып Қарағанды облысының өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бұрынғы басшысы Дарын Бұлқайыр тағайындалды. Бұл туралы Azattyq Rýhy облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңа қала басшысын қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев таныстырды. Депутаттар кандидатураны мақұлдады.
Саран басшысына қаланы дамытудың басым міндеттері белгіленді.
«Дарын Бейбітұлы қала әкімі лауазымында оған дейін басталған жобаларды жалғастырып, аяқтайтынына және жаңаларын іске асыратынына сенімдімін, бұл жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасына және жалпы қаланың одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді», – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Айта кетейік, биылғы жылыту маусымының басында Саран қаласы үш аптадай жылусыз қалып, қоғам тарапынан үлкен сынға ұшыраған болатын.